Сізге мұнда Қазақстан Республикасы қаласында фото-бейне-тіркеу стационарлық жүйелерімен тіркелген ЖҚЕ бұзушылықтарының болуын тексеруге болады:
Жаналықтарға жазылу үшін өзіңіздің E-mail жіберіңіз. Жазылуға қарсы болу үшін өзіңіздің E-mail қайтадан жіберіңіз. |
Қайрат ТЫНЫБЕКОВ, ІІМ Жол полициясы комитетінің төрағасы, полиция полковнигі: азір халықтың жол полициясына деген сенімі арта түстірын басшыларына үндеу.21 Сәуір 2010 - Қайрат Сағатханұлы, соңғы жылдары қара жолдың бойында қаза табатындар санының күрт арту мәселесі, тіпті Елбасы қатысуымен өткен Қауіпсіздік кеңесінде қаралғанын білеміз. Ақыр соңында былтырғы жылы жол қозғалысы ережелерін бұзғандарға жауапкершілікті күшейту туралы заң қолданысқа енгізілді. Содан бері жыл өтті, жол қауіпсіздігіне қатысты нақты қандай нәтижелерді айта аласыз? - Расымен де соңғы жылдардың мұғдарында жол қозғалысы қауіпсіздігі жайы елдегі өзекті мәселелердің біріне айналған болатын. Бейбіт күнде күре жолдың бойында бейқам тағдырлардың қиылуы жиілегені мұқым елді алаңдата бастады. Түсінікті болу үшін қарапайым бір мысал келтірейін. Республика жолдарында соңғы он жыл ішінде 30 мыңнан астам адам қаза болыпты… Ол дегеніңіз, шағын бір қаланың тұрғындарына шақ емес пе?! Ал жарақат алғандардың өзі 164 мың адамнан асқан. Бұл «төбе шашты тік тұрғызар дерек емес» деп айта аласыз ба? Бұған соңғы онжылдықта еліміздегі автопарктің екі еседен асып түсуі де өз әсерін тигізді. Мысалы, 2001 жылы Қазақстанда 1 миллион 451 мың көлік болса, қазір олардың саны — 3 миллион 200 мыңның үстінде. Осы ретте жол апатының күрт артуы тиісті заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет етті. Өткен жылдың 1 тамызында қолданысқа кірген заңнама тиісінше жол қозғалысы ережелерін бұзғандарға жауапкершілікті күшейтті. Жол ережесін өрескел бұзғандарға, тіпті 10 жылға дейін автокөлік жүргізу құқығынан айыру, сондай-ақ әкімшілік қамау сынды жазалар қарастырылды. Осындай күшті заңның арқасында жолдарда болатын бақытсыздық жағдайын азайта алдық деп ауыз толтырып айта аламыз. - Қанша пайызға, нақты деректер келтіре кетсеңіз? - Мысалы, керек десеңіз: былтыр 2007 жылмен салыстырғанда тіркелген жол-көлік оқиғасының саны 14 пайызға бірден төмендеді. Ал қаза болатын адамдар саны 23 пайызға және жарақат алатындар саны 14 пайызға дейін азайды. Осылайша мыңнан астам адамның өмірін сақтадық. Бұл дерек пе — дерек. Айтпақшы, біз осындай жол апаты көрсеткіштерінің елеулі азаюына соңғы 10 жылдың ішінде алғаш рет қол жеткіздік. Бұл — біз үшін өте зор жетістік. Оны айтасыз, осы жылдың тоғыз айының өзінде біз 1500 адамды ажалдан аман алып қалдық. Әйткенмен Қазақстанда жол апаты кезінде көз жұматын адамдар саны әлі жоғары. Дүниежүзілік көрсеткіш бойынша, бізде 100 мың тұрғынға шаққанда жол апатынан қаза болатын адамдар саны 21 болса, Еуроодақ елдерінде одан екі есе аз. Ресейде бұл көрсеткіш 21 адамды құраса, Белоруссия мен Украинада 16 және 17 адамнан келеді екен. Демек, бұл салада әлі де атқаратын жұмысы шаш етектен. - Жаңа заң бойынша жазасын алғандар туралы не айтасыз? - Жыл басынан бері жаңа заңның арқасында республика жолдарында бір жарым миллионнан астам құқық бұзушылықтың алдын алдық. Ішімдікке тойып алып, көлік «тізгінін» ұстаған 58 мыңнан астам жүргізушіні ұстадық. Сот шешімімен 51 мың 500 жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды. Ал 8 мыңнан аса көлік жүргізуші әкімшілік қамауға алынды. Мұның бәрі — айналып келгенде жаңа заңның арқасы. Соның арқасында көлікпен қалай болса солай жүретіндер саны азайды, қауіпсіздік белдігін тағу дәстүрге енді. Жол үстінде ұялы телефонмен сөйлесіп келе жатып апатқа ұшырайтындар көп болатын. Қазір тізгінде отырған жүргізушілер ұялы телефонмен сөйлеспеуді үйреніп келеді. Мұның бәрі — айналып келгенде елдің, мемлекеттің қауіпсіздігі. Әр отбасының амандығы. - Жол апатын азайтуға фото-бейнетіркеу жүйелері де пайдасын тигізіп жатқан болар… - Әлбетте, мысалы, фото-бейнетіркеу жүйесін қолданатын елдер жол апаты деңгейін 35%-ға дейін төмендете алып отыр. Ол сонымен қатар құқық бұзушылар мен полицейлердің тікелей байланыста болуының алдын алып, жол үстіндегі жемқорлықты және жанжалды жағдайларды азайтуға мүмкіндік береді. Және де егер тәулігіне бір полиция қызметкері жолдағы 5 құқық бұзушылықты анықтаса, жүйе осы уақытта 50–60 құқық бұзушылықты тіркеп үлгереді. Мысалы, фото-бейнетіркеу жүйесінің арқасында өткен кезеңде тек Астананың өзінде жол-көлік оқиғаларының саны 3,5%-ға, қаза болғандар 38,6%-ға және жарақат алғандар саны 5,7%-ға азайды. Осындай оң көрсеткіштер Алматы, Семей мен Орал сынды бірқатар қалаларда байқалып отыр. Қазіргі осындай жүйелер астанамызда және республикамыздың 10 қаласында жұмыс істеп тұр. Елімізде барлығы 141 фото-бейнетіркеу жүйелері қолданылуда. Жылдың соңына дейін 3 өңірде орнату жоспарлануда. Олар жолдардың апатты-қауіпті учаскелерінде, жол-көлік оқиғаларының қаупі жоғары көпірлер мен жол өтпелері және туннельдер сияқты жерлерде орналастырылған. Үкіметтің арнайы жоспарына сәйкес, жергілікті бюджет қаражатынан, соның ішінде өңірлік бағдарлама шеңберінде өңірлерде де фото-бейнетіркеу жүйелері құрылуда. - Көп жағдайда шопырлардың көлік жүргізу мәдениетінің төмендігі байқалып жатады. Жалпы, жүргізушілер дайындайтын оқу орындарына қойылатын талап қалай өзі? - Көлік жүргізушілер мәдениетінің мәз еместігінен де қайғылы оқиғалар жиі болатыны жасырын емес. Осы орайда мынаны айту керек: жүргізушілерді оқыту 2007 жылдан бастап лицензияланатын қызмет тізбесіне кірді. Біз осы үдеден шыға алмаған көптеген автомектептерді жабуға мәжбүр болдық. Бүгінгі күні жұмыс істеп жатқан 906 оқу мекемесінің 705-і белгіленген талаптарға сәйкес лицензияландырылды. Мысалы, соның арқасында көлік рулін қолына алғанына бір жыл да толмаған жас жүргізушілердің қателігі салдарынан болатын жол көлік апаттары 14,2 пайызға төмендеді. Сондай-ақ біз мектептерге 2008–2009 оқу жылдары жол қозғалысы ережелері мен алғашқы медициналық көмек көрсету сабақтарының жаңа бағдарлама бойынша енгізілуіне себепкер болдық. Олар 1–8-сынып оқушыларына арналған. Ал Жол қозғалысы ережелерін оқып, жүргізуші куәлігін алып шығатын жоғары сынып оқушыларына жаңа мектептік бағдарлама ұсынылды. Бұл бағдарлама да биылғы жылдан бастап көптеген мектептерде енгізілуде. - Жол қозғалысы саласында құқық бұзушылық үшін салынған және орындалған әкімшілік жазаларды есепке алу мақсатында жүргізуші куәлігіне талон енгізбек болған ойларыңыз жүзеге аспады… Талонға төленген ақшаларды иелеріне қалай қайтарып жатырсыздар? - Оны бірден айтайын, талон үшін ақша төлеген азаматтарға қаржысын қайтарушы «Kazakstan Processіng centre» акционерлік қоғамы болып табылады. Біз аталған компанияның халықтан алған қаражатты қайтаруды қамтамасыз ету мақсатында бұқараға сан мәрте түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Мәселен, Ішкі істер министрлігі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы талонды әзірлеушіден енгізілген төлемді қайтаруға азаматтардың құқығы бар екенін талай рет ескертті. Ал егер олар қаржысын қайтармаған жағдайда, сотқа шағымдануына да болады, оны да айтып-түсіндірдік. Қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Әзірше, біздің тарапымызға дәл осы талонды қайтару және ақшаларын қайтып алу процедураларына қатысты азаматтардан ешқандай шағымдар келіп түскен жоқ. Осы арада мен мына мәселені айта кеткім келіп отыр. Қазір біз былтыр өз күшімізбен әзірлеген «Бақылау» автоматтандырылған ақпараттық-іздестіру жүйесінің инвестициялық жобасын іске асыра бастадық. Ол айып салынған және орындалған әкімшілік жазалар туралы бірыңғай деректер банкін құруға және жазадан құтылмаушылық қағидатын орындауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазір еліміздің 6 өңірінде, атап айтқанда, Астана, Алматы, Ақмола, Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан және Қарағандыда «Бақылау» жүйесі жұмысы үшін 99 автоматтандырылған жұмыс орны құрылды. Ағымдағы жылдың 15 шілдесінен бастап, оларды пайдалануға енгізу жүзеге асырылды. Сондай-ақ жыл соңына дейін «Бақылауды» Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облысында енгізу үшін 194,4 миллион теңге бюджет қаражаты бөлінді. Жалпы, жобаны енгізуді толығымен 2011 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. - Сыбайлас жемқорлық көп «төңіректейтін» саланың бірі — Жол полициясы органы. Соның салқыны салдарынан сіздердің қызметкерлеріңізге деген сенімге селкеу де түсті. Аталған індетпен күресте қандай тәсіл қолданып жатырсыздар? - Жыл өткен сайын аталған індетке деген күрестің күш алып келе жатқанын көріп отырмыз. Елбасының жемқорлықпен күрес тапсырмасына сай Ішкі істер министрлігі нақты, жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Біздің комитет те қазіргі таңда сыбайлас жемқорлықты болдырмау мен жол полициясы қызметінің беделін арттыру бағытында кешенді шешімдер қабылдады. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» демей ме дана халқымыз. Бірдің кесірі мыңға тиіп жатады. Сондықтан жол полицейлері қатарын жемқорлардан тазарту — біздің басты ұстанымдарымыздың бірі. «Сырт тазасы не керек, тазарт әуелі ішіңді» дегендей, бұл тұрғыда да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жасалып жатыр. Атап айтатын болсақ, Жол полициясы бөліністерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмысты ұйымдастыру мақсатында 2006 жылдың өзінде-ақ Жол полициясы комитетінің құрылымында бақылау-профилактикалық бөлінісі құрылды. Осындай бөліністер ағымдағы жылы Ішкі істер департаменті жол полициясы басқармаларының құрылымында да жасақталып, содан бергі уақытта да айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Мысалы, бақылау-профилактикалық бөліністердің қызметкерлері жол полициясы қызметкерлерінің қызмет атқаруына 1222 жасырын тексеру жүргізді. Оның 206-сы өзіндік қауіпсіздік қызметімен бірлесе ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде 181 қызметкер, оның ішінде 16 басшы қатаң жазаланды. Сондай-ақ жол полициясы қызметкерлерін біржақты қыжырта берген де жөн емес. Осы орайда жол полицейлерінің арасында сыбайлас жемқорлыққа ықпал жасайтын азаматтардың іс-әрекеттерін болдырмау жөнінде де нақты іс-шаралар өткізілуде. Тек ағымдағы жылы жол полицейлеріне пара берудің 94 фактісінің жолы кесілді. Оның 31-і бойынша қылмыстық іс қозғалып, 24 адам сотталды. Осы фактілерді біз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үнемі халықтың назарына жеткізіп отырамыз. Сонымен бірге, біз жергілікті орындарға жол қозғалысына қадағалау кезінде артық әкімшілік қағаздарды болдырмау жөнінде нұсқау жібердік. Өйткені болмашы заңбұзушылық үшін том-том құжат толтыру өзін ақтамайды. Осындай дүниелер, сондай-ақ халықтың жалпы, ішкі істер органдарының қызметіне наразылығын тудырады. Бұл ретте айта кететін бір жайт, халықаралық автомобиль тасымалдаушылар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдаушыларды да тоқтатуға қатаң тыйым салынды. - Қайрат мырза, сіз Жол полициясы комитетінің басшылығына келмей жатып, бірнеше мәрте ел ішіне шықтыңыз, не түйдіңіз? - Біріншіден, ол менің — жұмысым. Бізде басшылықта отырған адамның бар бітіретін жұмысы жұмсақ орындықта шалқиып отырып, қағаз кеміру деген жаман түсінік бар. Мен үшін, басшының жұмысы — өз шаруасын жете білу. Иә, жаңағы сөзіңіздің жаны бар, мен қызметке кіріскен алғашқы айдан-ақ халықтың мәселесін шешудің тиімді жүйесін құру және полицияға азаматтардың сенімін арттыру мақсатын көздедім. Осы орайда ағымдағы жылы біздің комитет «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясымен бірлесіп «Жолда қабылдау» акциясын ұйымдастырды. Оның басы-қасында өзім болғанды жөн көрдім. Өйткені қазір әрбір адам, сіз де, мен де — күнделікті өмірде жол-көлік қозғалысының қатысушысымыз. Тым болмағанда, күніне қоғамдық көлік, яғни автобусқа бір мәрте мінесіз, болмаса бағдаршам арқылы жолдың арғы бетіне өтесіз дегендей. Содан маусым айында аталған акцияны Ақмола облысының Қорғалжың және Ақмола елді мекендерінде ұйымдастырдық. Ал шілдеде Ақмола облысының Аршалы және Қарағанды облысының Осакаровка аудан орталықтарында өткіздік. Шараның үшінші кезеңі өткен айда Ақмола облысының Ерейментау және Павлодар облысының Шідерті ауылдарында өтті. Алдымен жалпы, жергілікті жерлердің халқымен кездесу өткізсек, артынша біздің салаға қатысты сұрақтары бар адамдарды жеке өзім қабылдап, мәселелерін қарадым. Жол жағдайы, жол белгілерінің кейбір жерлерде болмауы, сондай-ақ жол полициясы қызметкерлерінің жетіспейтіні туралы, сонымен қатар түн ішінде күре жолдың бойында заңсыз жарыс ұйымдастыратын жастар тәртібі сынды мәселелерді жергілікті халық өткір көтерді. Біз олардың кейбірін сол жерде бірден шешсек, кейбірін жергілікті билікпен ақылдаса отырып жүзеге асыруға келістік. Сол арқылы қарапайым халықты қазір қандай мәселелер алаңдататынын аңдағандай болдым. Жиі кездесетін жайттардың шешім табудың да жобасын қарастырып жатырмыз. Бір байқағаным, қазір халықтың жол полициясына деген сенімі арта түскен. Ол, әрине, бізді қуантады. Атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар нәтижесін бере бастады деп түсінеміз. Жалпы алғанда, осындай іс-шаралар сол мезетінде республикамыздың барлық өңірлерінде өткізіліп, оған 30 мыңнан астам адам қатысты. Сондай-ақ жол полициясының үкіметтік емес ұйымдар және халықпен өзара қарым-қатынасын дамыту мен жетілдіру мақсатында Жол полициясы комитетінің жанында Жол полициясының қызметіне бақылау жөніндегі қоғамдық кеңес құрылды. - Жаңа сөзіңізде «бір байқағаным, қазір халықтың біздің қызметкерлерге деген сенімінің арта түскені» деп қалдыңыз. Оны неге сүйеніп айтып отырсыз? - Біріншіден, халықпен пікірлесуде естіген біздің қызметкерлерге қарата айтылған жылы сөздер осындай жақсы ойға жетелесе, екіншіден, сөз болып отырған акция шеңберінде жол полициясы қызметіне қатысты сол жерде азаматтар арасында сауалнама жүргіздік. Оның қорытындысы бойынша, халықтың басым бөлігі ең алдымен жолдарда құқықтық тәртіптің жақсарғанын айрықша атап өтті. Ал әлеуметтің 80 пайыздан астамы жол полицейлерінің сыпайылығын айтыпты. Сонымен қатар біздің қызметкерлердің жақсы қасиеттерінің арасында: полицейлердің кәсіпқойлығы, жеделдігі және шапшаңдығы да атап көрсетіліпті. - Соңғы кезде балалар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету де өткір тұрған мәселелердің біріне айналды. Мысалы, дала баласымен салыстырғанда қала баласына әр адымын аңдап басуға тура келеді… - Оныңыз рас, жол ережесін дұрыс білмеудің ақыры қауіпті. Оқытушылар да, ата-аналар да осы мәселені ұмытпағаны ләзім. Сондай-ақ балаларды бақытсыздыққа ұшыратып жататын оқиғалардың көбіне жүргізушілердің жазықты болып жататынын да білеміз. Сондықтан біз Астана мен Алматы сынды өзге де ірі қалаларда «Балалар қауіпсіздігі!» бағдарламасын жүзеге асырып келеміз. Оның барысында мектепке дейінгі және мектепке жақын орналасқан аумақтар бағдаршамдармен, жол белгілерімен жабдықталды. Жүргінші бөлігінің бойымен балалардың өз еріктерімен жолға шығуын шектейтін және балалар жақындап келе жатқан көлікті көре алатын қоршаулар мен турниктер орнатылды. Астанада 78 мектептің 50-і жабдықталса, Алматыдағы 172 мектептің 110-ы жабдықталды. Сонымен қатар мектептердің жанында автокөліктер қозғалысының жылдамдығын төмендететін 500-ден астам жасанды жол төмпешіктері орнатылды. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, осындай жабдықтардың қолданылуы жол-көлік оқиғаларының жартысына дейін азаюына себеп болады. Сондықтан ертеңгі ұрпақтың амандығы бізді де алаңдатпай қоймайды. Білім беру органдары мен қоғамдық және басқа да ұйымдармен бірлесіп, тұрақты түрде «Абайлаңыз, балалар!» алдын алу іс-шараларын өткізіп келеміз. Балалар жол көлік жарақатының алдын алу шараларына Жол қозғалысының жас инспекторлары да белсене қатысуда. Қазір осындай жас инспекторлар, әсіресе, өз мектептерінде өте жақсы насихат жұмыстарын жүргізуде. Жас инспекторлар жол полициясы қызметкерлерімен бірлесіп мектеп оқушыларына, олардың ата-аналарына және жүргізушілерге профилактикалық әңгімелесулер өткізеді. Осындай жол қауіпсіздігінің алдын алуға бағытталған үгіт-насихат жұмыстары өзінің тиімділігін көрсетуде. Балалардың да жол ережесін білу сауаттылығы арта түсті. - Жас инспекторлар жасағы еліміздің барлық мектебінде бар ма? - Жалпы, қазіргі таңда жас инспекторлар қозғалысының 6,5 мыңнан астам жасақтары бар. Олар жалпы білім беру мектептердің 85% қамтиды. Сондай-ақ біз жол полициясы инспекторларының қызмет атқаруының ұйымдастыруына өзгерістер енгіздік. - Қандай? - Оқу уақытында балалардың жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында таңғы, түскі және кешкі уақытта жол полициясының патрульдеу бағдарлары мен бекеттері мектептерге ең жақын орналасқан жол және көше бөліктеріне қойылады. Ал жаяу жүргіншілер қатысуымен болатын жол көлік оқиғаларының алдын алу үшін қалаларда олардың қозғалуларына қауіпсіз жағдайлар жасалды. Сонымен қатар біз кең көлемде құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Мен мынаны айта кетейін, көбіне «жүргізушілер кінәлі» деп жатамыз. Бірақ жаяу жүргіншілердің де жүргізушілермен бірдей жауапкершілікке тартылатынын ұмытпау керек. - Қайрат Сағатханұлы, жол полициясы қызметкерлері жол ережесін сақтамаған құқық бұзушыға хаттама толтырған кезде, оның қай тілде толтырылатыны жүргізушінің таңдауына сай жүзеге асады ғой? - Әрине, хаттама жүргізуші қай тілді қаласа, сол тілде толтырылуы тиіс. Әйтпесе оның заңды күші болмай қалады. Мысалы, сіз хаттаманы қазақша толтыруды талап етесіз, полицей орысша толтырса, демек, ол заңдық күші болмайды. Бұл ретте біздің де мемлекеттік тілді ерен құрметтейтінімізді, оның дамуы мақсатында көптеген оң шаруалар атқарып жатқанымызды айтпай болмас. Жол полициясы комитетінде «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заңның талаптарын орындауда біршама жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, халыққа қызмет көрсетудегі қызметтерді жүзеге асыруда жол полициясы қызметкерлері нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес іс-қағаздарды, сауалнама-өтініштер, бланкілер, ақпарат беру құралдары мен басқа да құжаттар мемлекеттік және ресми тілде қатар жүргізіледі. Жол ережесін сақтамаған құқық бұзушыларға хаттамалар толтыру барысында әкімшілік істің қай тілде жүргізілетіндігі жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, әкімшілік хаттамалардың мемлекеттік тілдегі үлес салмағының артуына ықпал ету үшін Астана, Алматы қалаларының, облыстарының Жол полициясы басқармаларына нұсқау бердік. Осыған байланысты, жол полициясы қызметкерлері автокөлік жүргізушілерімен қатынаста мемлекеттік тілді барынша қолданып, әкімшілік құқық бұзушылықты бұзғандығы үшін хаттамаларды мемлекеттік тілде толтыруды жүзеге асыруда. Хат алмасулар мемлекеттік тілде жүргізіледі. Ал азаматтардан өтініштер қай тілде келсе, сол тілде жауап беріледі. Мемлекеттік тілге көшкен өңірлік жол полициясы бөлімшелерінен сала бойынша халыққа қызмет көрсету, іс-қағаздар мен хат алмасулар тек мемлекеттік тілде жүргізілуі талап етілді. Мемлекеттік тілдің жол полициясы қызметінде қолданылуын одан әрі кеңейтуде алда көптеген жұмыстар жоспарлануда және бұл мәселе тікелей менің өз назарымда тұрақты бақылауда болады. - Ұсталған көлікті сақтау мәселелерін қалай шешесіздер және де арнайы тұрақтарға қойылған көлік құралдары үшін төленетін айыппұлға байланысты түсініспеушіліктер жиі болып жатады… - Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сай ұсталған көлік құралдарын сақтау арнайы алаңдарда немесе жергілікті атқару органдарының шешімі бойынша құрылған, коммуналдық меншік болып табылатын тұрақтарда ғана жүзеге асырылады. Яғни осындай тұрақтарды құру жергілікті бюджеттің қаражатынан және де ұсталған автокөліктерді сақтау ақысыз негізінде көзделеді. Сонымен қатар өңірлерде жергілікті атқару органдарының шешімі бойынша ақылы негізде коммуналды арнайы тұрақтар құрылған болатын. 79 арнайы тұрақтардың 22-сі ақысыз негізде қызмет істейді, оның ішінде 2-еуі Астана қаласында және 1-еуі Атырау қаласында, қалғандары облыстардың аудан орталықтарында орналасқан. Ақылы арнайы тұрақтарда ұсталған көлікті сақтау күніне 3 мың теңгеге дейін жетеді. Мұндай жағдай халықтың ашуын туғызып, жол полициясы қызметкерлеріне деген түсініспеушілікті болдырып жататыны рас. Себебі автокөлікті арнайы тұрақтарға жол полициясының қызметкерлері апарады ғой. Осыған байланысты, кодекстің 630-бабы төртінші бөлігін, ұсталған көлікті ақысыз сақтау жағдайы көзделген Көлік құралдарын ұстау, апару және пайдалануға тыйым салу тәртібін анықтау жөнінде Үкіметтің құзыретін белгілейтін нормамен толықтыру ұсынылады. Осы бағыттағы жұмыс жаңадан әзірленіп жатқан Әкімшілік кодексі мен Әкімшілік-іс жүргізу кодексінің шеңберінде жүргізілуде. - Жол полициясы саласына қатысты алдағы уақытта қандай реформалар жасауды жоспарлап отырсыздар? - Біріншіден, Елбасының биылғы Қаулысына сәйкес және әкімшілік реформа өткізу шеңберінде Жол полициясы комитетінің ұйымдастырушылық-штаттық құрылымы өзгертілген болатын. Жаңадан әкімшілік практика, жол қозғалысын ұйымдастыру және автоматтандырылған ақпараттық іздестіру жүйесін дамыту бөлімдері құрылды. Алдымен нақты осы бағыттар бойынша жұмыстарды жандандыруды көздеп отырмыз. Екіншіден, жол полициясы қызметіне инновациялық технологияларды енгізу сөзсіз келешегі бар бағыт болып табылады. Осы орайда Жол полициясының қызметіне қадағалаудың тиімділігін арттырудың магистральды бағыты автоматтандырылған тіркеу құралдарын енгізу мақсатта бар. Ол — өте тиімді жүйе. Үшіншіден, қазіргі кезде біздер саптық бөліністердің қызметін ұйымдастыруды жетілдіру бойынша нақты жұмыстар істеудеміз. Ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап Алматы, Ақтөбе, Қарағанды және Өскемен қалаларында жол қозғалысына қадағалауды тек автопатрульдеу тәсілімен жүзеге асыру жөнінде эксперимент өткізудеміз. Оның артықшылығы, көлік ағымында болған жағдайда Жол қозғалысы ережелерін бұзушылықты дер кезінде ескертуге және жолын кесуге, сондай-ақ қазіргі заманғы жедел-техникалық құралдарды кеңінен қолдануға мүмкіндік береді. Оның ішінде көлік құралдарына байланысты қылмыстарды ескерту мен жолын кесу және қылмысты ашу жөніндегі қызметтің нәтижесін көтеруге бағытталған мемлекеттік нөмірлері бойынша көлік құралдарын идентификациялаудың мобильді кешенін және басқа құралдарды пайдалануға болады. Сондай-ақ біздер жол қозғалысына қадағалауды ұйымдастырудың үш деңгейлі жүйесін енгізу мәселелерін қараудамыз. Осы мақсатта облыстармен қатар, республикалық, аудандық жол полициясының саптық бөліністерін құру көзделуде. Жалпы, алдағы ауқымды міндеттердің негізгісі — осылар. Бұйыртса, біртіндеп жүзеге асырмақпыз. - Еліміздің бас жол полицейі жол қозғалысына қатысушыларға не айтар екен?.. - «Заңға бағынған құл болмайды» деген Бауыржан Момышұлы атамыз. Ең әуелі заңды сыйлаңыздар, онан кейін сақтықты естен шығармаңыздар. Әрқашан жолдарыңыз болсын! - Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ, www.aikyn.kz - Жыл өткен сайын аталған індетке деген күрестің күш алып келе жатқанын көріп отырмыз. Елбасының жемқорлықпен күрес тапсырмасына сай Ішкі істер министрлігі нақты, жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Біздің комитет те қазіргі таңда сыбайлас жемқорлықты болдырмау мен жол полициясы қызметінің беделін арттыру бағытында кешенді шешімдер қабылдады. Елбасының биылғы Қаулысына сәйкес және әкімшілік реформа өткізу шеңберінде Жол полициясы комитетінің ұйымдастырушылық-штаттық құрылымы өзгертілген болатын. Жаңадан әкімшілік практика, жол қозғалысын ұйымдастыру және автоматтандырылған ақпараттық іздестіру жүйесін дамыту бөлімдері құрылды. Алдымен нақты осы бағыттар бойынша жұмыстарды жандандыруды көздеп отырмыз. Екіншіден, жол полициясы қызметіне инновациялық технологияларды енгізу сөзсіз келешегі бар бағыт болып табылады. |
Сайтқа кіруӨзекті сұхбатҚазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы комитеті төрағасының жол қозғалысы қатысушыларына үндеуі Құрметті жол қозғалысының қатысушылары! Қазақстанда күн сайын балалардың қатысуымен кем дегенде 3 жол-көлік оқиғасы тіркеледі, атап өтсек бір жылдың ішінде жол-көлік оқиғасының салдарынан 180-ге жуық бала қаза табады. Ол балалар ешқашан да бой жетпейді, жоғарғы оқу орындарына түспейді, ата-ана бола алмайды. толығырақ » Акциялар20 қараша - Бүкіләлемдік ЖКО құрбандарын еске алу күні Жыл сайын Қазақстанда және бүкіл әлемде БҰҰ Резолюциясына сәйкес қарашаның үшінші демалыс күні — Бүкіләлемдік ЖКО құрбандарын еске алу күнін атап өтеді. толығырақ » Дауыс беруЕгер Сізге соңғы бірнеше айда айтылған мемлекеттік қызмет үшін барғаныңыз болса «Автокөлікті тіркеу, қайта тіркеу және нөмірлік белгілерді беру», құжатты тапсырғаннан кейінгі кезеңнен бастап оны қай уақытта алдыңыз:
|